Абай
Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылы Шыңғыс тауды жайлаған Тобықты руында дүниеге келді.
Абайдың арғы тегі Орта жүз Тобықты Арғын ішіндегі Олжай батырдан басталады. Олжайдан Айдос, Қайдос пен Жігітек тарайды. Әрқайсысы бір-бір рулы ел болып кеткен. Айдостың Айпара деген әйелінен Ырғызбай, Көтібақ пен Топай туған. Олардың ішінде Ырғызбай оза шауып, ел басқару ісіне араласқан. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар мен Өскенбай тарайды. Өскенбай шаруаға жайлы, билікке әділ кісі болған деседі. Осы Өскенбайдың әйелі Зереден Абайдың әкесі Құнанбай туады.
Құнанбайдың төрт әйелі болған. Бәйбішесі – Күңке, одан бір ұл – Құдайберді. Ал Ұлжан – Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық. Інісі қайтыс болғаннан кейін Құнанбай келінін әмеңгерлікпен алған. Ұлжаннан Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ пен Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла мен Ысмағұл деген балалары туады. Абайдың "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтіні содан. Құнанбайдың қартайған шағында үйленген төртінші әйелі – Нұрғанымнан бала болмаған.
Абай алғашқы өлеңін 10 жасында жазған. Ал ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – "Қансонарда". Абай өлеңдерінің ішінде мазмұны жағынан да, көркемдік бітімі жағынан да ерекшеленіп тұрған үздік туындылар көп. "Сегіз аяқ", "Қан сонарда бүркітші шығады аңға", "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым", "Желсіз түнде жарық ай", "Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?" сияқты өлеңдерінің әрбіреуі тың дүние, шығармашылық жаңалық.
Александр Пушкиннің "Евгений Онегин" шығармасынан "Татьянаның хатын" және "Ленскийдің сөзін", Михаил Лермонтовтың "Ой", "Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз", "Қанжар", "Теректің сыйы" және тағы басқа өлеңдерін казақ тілінде сөйлетті.
Абай мысал өлеңдерін шебер жаза білді. Ақын осы жанр арқылы қазақ халқының сол кездегі өмірін, адамдардың мінезі мен іс-әрекетін дәл көрсетіп, сатиралық бейнелермен көркем жеткізді. Абай поэма жанрын да меңгерген. Оған "Масғұт", "Ескендір", "Әзім" сияқты шығармалар дәлел.
Батыстың өркениеті мен философиясы, ғылымы мен мәдениеті Абайдың рухани жағынан өсуіне айтарлықтай әсер етті. Ол Батыс пен Шығыс мәдениеттерін шебер ұштастыра білді. Абайдың негізгі зерттеу объектісі – адам.
Абайдың іргелі еңбектерінің бірі әрі бірегейі – қара сөздер. Осы сөздердің бірнешеуі алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан "Абай" журналында жарық көрді. Артынан Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және тағы басқа әлемнің көптеген тіліне аударылды.